Хазіреті Әбу Хафс Хаддад (рахметуллаһи алейһ) үлкен әулиелердің бірі. Хақ жолына түскені былай айтылады: Бір күңді жақсы көріп қалған еді, оған қол жеткізуді қатты армандайтын және мұның жолдарын іздеп жүретін. Оған: «Сенің дертіңе дауа табатын бір яһуди сиқыршы бар, сен соған бар» деп кеңес беріледі. Әбу Хафс уақыт жоғалтпастан дереу сиқыршыға барады. Дуагер яһуди оған: «Бүкіл жақсылықтардан бас тартасың, қырық күн, күндіз де түнде де намаз оқымайсың, қайырлы амалдар мен өзің хақ деп білген нәрселеріңе жоламайсың. Нәпсің қалаған жамандықтардың барлығын істейсің. Тек, сонда ғана мен сені мақсатыңа жеткізе аламын» дейді. Әбу Хафс сиқыршының айтқандарын орындайды. Айтылған қырық күн өткеннен кейін, сиқыршы Әбу Хафсқа сиқыр жасайды. Бірақ Әбу Хафс көздеген мақсатына жете алмайды. Бұл мәселеге яһуди «Сен қайырлы амал жасап қойғансың, әйтпесе сиқыр әсер етуі керек еді. Жасаған жақсылығыңды есіңе түсір!» дейді.
Әбу Хафс: «Ешқандай жақсы ниетім мен жақсы амалым есімде жоқ. Тек, бір рет кетіп бара жатқанымда адамдар сүрініп құламасын деген оймен бір тасты жолдан алып тастағаным бар» дейді. Яһуди: «Сен қырық күн Аллаһу та’аланың әмірлерін орындамай, үкімдерін тәрк еткен болсаң да, Ол сені тәрк етпеді. Сен Аллаһу та’ала сияқты ихсан иесін қайдан табасың? Ең дұрысы сен Оған бағын да басқа нәрселердің бәрінен бас тарт» дейді.
Бұл сөздерден кейін Әбу Хафс істегендеріне өкініп, сол жерде тәубе етті. Яһуди де мұсылман болды